Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  99


Автор: Серік Тұрғынбеков

МАҒЖАН

Қалай, қалай сілтейді мына Мағжан,
Қаламында мұң болып тұнады арман.
Соғып-соғып соңынан шалдыққан соң,
Қара дүлей дауылдай тына қалған.
Қорқыта ма,
Қайтеді-ей мына Мағжан,
Үркіте ме,
Қайтеді-ей мына Мағжан?!
Өзі би боп өлеңде,
Өзі бас боп –
Оқушының өзінен сынақ алған.
Қандай шалқар,
Қандай кең мына Мағжан,
Қайта-қайта оқыдым ұнағаннан.
Айтшы соны, не таптың мінегеннен,
Айтшы соны, не таптың сынағаннан?!
Құдірет қой,
Мықты ғой мына Мағжан.
Көз алдымда бір бейне тұра қалған
Жоғалтып ап... не таптық күндегеннен,
Жоғалтып ап... не таптық жылағаннан.
Мына Мағжан!..
Баяғы мына Мағжан,
Талай-талай сотталған, кінәланған.
Талай-талай ақталған,
Аман қалған
Ұрып-соғып, сүрініп, құлағаннан.
Маңғаз Мағжан,
Паң Мағжан – мына Мағжан,
Күткен талай өмірдің сынағы алдан.
Біткен талай демі де, тынысы да,
Аман қалған
Төзгеннен, шыдағаннан.
Мына Мағжан,
Ғажайып мына Мағжан,
Болған екен тілегі шын адалдан.
Қайтып келді халқының құшағына,
Құтылды да қанды қол сұм ажалдан!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу