Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  119


Автор: Серік Тұрғынбеков

НАҒЫЗ АҚЫН

Құдай – жалғыз!
Сонан соң Абай – жалғыз!
Абай жалғыз болған соң абайлармыз.
Алдымызда асу бар,
Алып шың бар –
Артымызға әлі де қарайлармыз.
Құдай – біреу!
Әзірге Абай – біреу.
Көңілдерді көркейтті талай жүдеу.
Көз жетпейтін өлеңнің көк аспанын
Қиын... қиын Абайсыз арайлы деу.
Құдай – жалқы!
Әуелден Абай – жалқы!
Асыл сөздің асқанда талай нарқы,
Қазақ болса – көргені азап болса,
Өмір сүрер Абайсыз қалай халқы?!
Талай асу алынар,
Талай қамал,
Таң да атар ағарып, арайланар.
Мұхитың да тартылар,
Тау да құлар,
Мәңгілік боп түбінде Абай қалар!
Біз де Абайды білгелі ғасыр өтті,
Жүз елуге жылыстап жасы жетті.
Нағыз қазақ ұлы Абай,
Нағыз Ақын,
Нағыз ақын болған соң –
Қасіретті!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу