Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  276


Автор: Жәлел Қуандықұлы

АЙТУҒА БОЛМАЙТЫН ТҮС

Түсімде.
Ақ ұлпа бұлттардың ішінде.
Анашым қимастан қоштасты.
Періште пішінде.
Шошыдым.
Түсің де үрей кіл осы күн.
Астарын аспани аянның,
Жақсыға баладым пошымын.
Пәк қалпым.
Қалайша түс іште сақталсын?
Ентігіп жетіп кеп анама,
Түсімді ақтардым.
Сол шақта.
«Сақтаса құдай бар сол сақтар», –
Деді де, қинала күрсініп,
Үзді зіл моншақтар.
Бал мұңға.
Баттым мен, мейіріңе қандым ба?
Арқалап келемін көп күнә,
Аналар алдында.
Ойым дау.
Көп жанға ерте гүл қойылды-ау.
Өлуден де ауыр мұң адамға,
Өлерін мойындау…
Құрт көрем.
Қалғысам жерімді үптеген.
Желкеме жүк артқан тағдырдан,
Мұндай сый күтпеп ем...
Түс-керуен.
Мөп-мөлдір ойымдай іште өлген.
Түндерде қорқамын тұңғиық,
Айтуға болмайтын түстерден.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу