Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  118


Автор: Жәлел Қуандықұлы

ЖАНАР

Бейнеңді бір көргеннен сезінгенім –
Жүрегім қайталанбас бақытты өпті.
Өмір дейтін мұхитқа көзіңдегі
Еріксіз ессіз күйі батып кеттім.
Шымылдығын жұмбақтың түргің келсе,
Есітіп көр жан жетпес терең үнді.
Көзіңнің құдіретін білгің келсе,
Жай ғана оқы, жаным, өлеңімді.
Көзіңнің ағы менің жаным еді,
Ол күлгенде, тұратын жаһан күліп.
Көзіңнің ағы сенің арың еді,
Сол қалпында бақиға батар сіңіп.
Жанарың жәудірейді нұр құштырып,
Кеудемде кеткендей бір иіп көктем.
Өмір, өмір дейміз-ау білгішсініп,
Өмір қалай көзіңе сыйып кеткен?
Сенің көзің – мәңгілік жарық мекен,
Мәңгі жарық қала ма бізден бүгін?
Жас болып жанарыңнан тамып кетем,
Ешқашан жыламауға сөз бер, күнім.
Мен сенің көзіңдегі нұрлы алаңға,
Жанымның ақ жолдарын тірек етем.
Өздерін танымайтын бұл адамдар
Көзде де өмір барын біле ме екен?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу