Өлеңдер ✍️

  09.06.2022
  169


Автор: Мерғали Ыбыраев

Сіз туған Семей

Азайса да тұстастарың, көзкөрген,
Мұха сізді сағынады кез-келген.
Тұлпар аунап, түгі қалған Семей ғой,
Туған қалаң кереметтей өзгерген.
Көшесінде құмы да жоқ баяғы,
Ұры да жоқ, сұмы да жоқ сөзге ерген,
Саудагер жоқ, дамолла жоқ мешітте,
Сатушы жоқ, жеп қоятын безбеннен,
Шолақ ақыл, шоқпар қызыл көздерден,
Құтылғанбыз жылпостардан, ездерден,
Семейдегі әрбір сәби – өз балаң.
Семейдегі әрбір бөлме – өз бөлмең,
Тәж-маһалдай аэропорт пен вокзалдар,
Қарсы алады достарыңды өзге елден...
Туған қалаң кереметтей өзгерген.
Даңқың сенің жетіп жатыр шет елге,
Өскен қалаң өлмесең де бөтен бе?!
Жап-жалаңаш бетондалған алаңға, -
Көп қараймын тұғырыңа өтерде,
Құрылыс па өзі жалдамалы, көтерме,
Сегіз жылдай мүсініңді қоймады,
Сұрағым бар – басқаларға жетер ме?!
Бұл сұрақты қоймақ емен сес қылып,
Шындықты айтар шақ туды ғой басқа ұрып.
Не жетпейді? Жеткіземіз, - Мұхаңды.
Тоқсан жасқа қоямыз ба, тостырып,
Гранит жоқ, кредит жоқ болса егер,
Тұғырына Қайымымды1
бас қылып,
Қырнап, жонып, қиюына қыл батпай,
Қалаңыздар бәрімізді тас қылып,
Ескерткішпен тастаңыздар бастырып!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу