Өлеңдер ✍️

  09.06.2022
  116


Автор: Жұматай Жақыпбаев

Жаңа бір нұрмен корабль мінген жыл келді...

Жаңа бір нұрмен корабль мінген жыл келді,
Көрсек-ау енді, көкеміз ғашық күндерді.
Көбейттік былтыр қаланы, ГЭС-ті, каналды,
Көбейттік былтыр кітапты, әнді, гүлдерді.
Қуандым көріп әр үйден ізгі бір келін,
Ботасын ертіп, бөпесін сүйіп жүргенін.
Шкала болса шаттықты біздің көрсетер,
Көрер ең оның қаншама көтерілгенін.
Ер жігіт болсаң, ең қиын жолмен ерегес,
Қиянды көздеп қиядан қайтқан ер емес.
Біздің ел шықпас биіктік қалмас түбінде,
Сөзіме куә – Қазыбек шыққан Эверест.
Жарыстар болса, Ұрымда мейлі Қырымда,
Қол соғар әлем Серіктей әлі мың ұлға.
Атасы жаудан қайтпаған елдің ұрпағы,
Шығады талай планетаға ортақ тұғырға.
Гүл ашар жүздер көздерге жаңа көктем кеп,
Көсеге біздің көгермек, болмақ көкпеңбек.
Осынау Одақ даңқымен бірге, бір жерден,
Қазақтың даңқы барады қазір көкке өрлеп.
Ұлыстың байтақ ұл-қызы түгел өңі күн,
Көтерсін елдің мәртебесі мен көңілін.
Уақыт та біздің бақытқа қызмет етуде,
Сол үшін сені сүйемін, қызыл өмірім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу