Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
09.06.2022
193
ҚАРАТАЛ
Сусылдатып шөлдерге егін,
Шарапат боп ендің бауға.
Осы өмірге мен келгенмін,
Нілден сені кем қылмауға.
Шуылдатып шыңды әр күні,
Тас қиратып, құм ұсатқан.
Арнасымен түнде алтыны,
Күндіз болса күмісі аққан.
Қамбаларға сыймай қалып,
Жатады елің ырыс теріп.
Сары алтының – бидайланып,
Күмісің тек – күріштеніп.
Жайқалтады көп күн далам,
Жаңа сұлы, жаңа тары.
Зулай-зулай жеттің маған,
Жеті атамның Қараталы.
Сарыныңмен елеңдетіп,
Өзің де ағып, жұрт аққанда.
Зулай-зулай менен де өтіп,
Жетерсің сен ұрпақтарға.
Құзар таудан құлдилаған,
Дәйім сені үлгі көрсін.
«Сол ақын да ылғи маған,
Тағзым етіп жүрді», – дерсің.
Мысал болар арнаң әні,
Жетпес оған өнер тегі.
Қоңыр қырды, сар даланы,
Басы мөлдір көгертеді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter