Өлеңдер ✍️

  08.06.2022
  389


Автор: Зәкіржан Қалкенбаев

Сен мен үшін

Мен өзіңе арнайыншы жақсы өлең
Қалсын қунап сенің адал жүрегің.
Қуантсам деп ойлап едім баста мен
Ойыңнан көп шыға алмадым, білемін.
Сен шынықтың аяздарда, аптапта
Менің боран мінезіме тотығып.
Сені бір кез келін еткен жат қақпа


Бір өзіңе тәу еткендей отырып.
Сен айдынсың, лайланбас тұнығы
Сол айдынның мөлдіріне қуанам.
Сен еменсің майыспайтын шыбығы
Өлеңімнің тамшысымен суарам.
Сен асқарсың, қарағандар елтіген
Бір өзіңде сан әлемнің тылсымы.
Сен дәрусің жабыққанның дертіне ем
Бәйшешексің, көз қуантар бүршігі.
Сен шуақсың бойға нұрын таратқан
Қуандырып көрген барлық пендені.
Түнгі аспансың, жұлдыздарын санатқан
Тәнті болған жан иесі жердегі.
Ертегісің, сиқырлары бітпейтін
Жетелейтін жұмбағы көп қиырға.
Сен үмітсің
Ынтықтырып «күт» дейтін
Күте білген жанға ғана бұйырған.
Бір сөз айтшы, көңілімді жұбатар
Пендең бүгін қуанышпен көз ілсін.
Шыбын жанды шырғалаңда сынатар
Сен мен үшін мынау қысқа өмірсің!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу