Өлеңдер ✍️

  08.06.2022
  153


Автор: Зәкіржан Қалкенбаев

Өзіме өзім ұнамай...

Келмесе де ешкіммен жамандасқым
Мен біраз адамдармен арамды аштым.
Алдайтыны қинайды ағалардың
Қараулығы қинайды замандастың.
Тұрпайысы шошытқан інілердің
Қылығына қиналам, бүлінермін.
Көпіршіген сырадай достарым көп
Ұққысы жоқ сырымды бірі менің.
Апаларға ұнаймын елпілдесем
Қызға ұнармын, керемет - көркің десем.
Шарап ішсем шатақ деп қашатын жұрт
Сөз қылады тойларда желпінбесем.
Ұрыспасам ұнармын қарындасқа
Әйел ырза, жылы үйде жанын бақса.
Бір жолдасым қол сермеп қалды кетіп
Қуантарға болмай қап жанымда ақша.
Басшыларға ұнаймын үндемесем
Неге мәзбін шықтым деп түннен есен?
Жасықтығы деп ойлап жәләптар жүр
Жүндейтұғын жерінде жүндемесем.
Бәрінің де табам деп көңілдерін
Төгілетін жерлерде төгілмедім.
Ащы күннен ұнатам тәтті түнді
Түс боп шыққай деп тілеп өңімдегім.
Момындығым ұнаған ағайынға
Мырзалығым ұнаған талай ұлға.
Өзіме өзім ұнамай, ең қиыны
Ойран болып жатыр жан сарайымда.
Жүрмесем де ешкіммен шығысқым кеп
Бүгін арсыз ініге ұрыстым бек.
Тасқа тамған тамшыдай қояр емес
Батысымды бәтшағар шығыс қыл деп.
Інім кейіп танытты ұнатпаған
Бұрынғыдай бұйымын сұратпағам.
... Кейде семсер-ашуды суырған жөн
Жатқанына мәз болмай қынапта аман!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу