Өлеңдер ✍️
Қара қос
Мені қандай алдымнан тоспақ үміт
Жүрер болсам даурығып, босқа күліп.
Бабам тіккен қойының ығын ала
Көптен бері шықпадым қосқа кіріп.
Қараша қос таныс-ты бала жастан
Төбесінен елжірер қарап аспан.
Келгендерді күндіз-түн қабылдайтын
Киіміне, көркіне қарамастан.
Салқындаушы ем айран, не шалап ішіп
Онда жайлы, кеткенмен далаң ысып.
Босағада бұзаутіс қамшы ілініп
Бөстегінде жататын қара күшік.
Жер емес-ті қара қос бақ сынайтын
Жалынға ұстап төстігін ащылайтын –
- Туған жылың мешін бе, жылқы ма? – деп
Қосағасы сәлден соң жас сұрайтын.
Сан әңгіме сонан соң басталатын
Өзің шаршап жетсең де, ақсап атың.
Жіберетін қара қос күш бітіріп
Қара қостан күншілдік жасқанатын.
Қанша жатам десең де біледі еркің
Күңгірт ойға құрсалып, жүдеме тым.
Қиялыңа үзеңгі тағып беріп
Ой өңгертіп қара қос жіберетін.
Ақ тезектің ортада күлі қалып
Қосағасы әзілдей күліп алып
Без боп қата бастаған көкірегіңде
Күйкілікті тастайтын сылып алып.
Қара қосқа көп болды соқпағалы
Соғам десем әлдене боп қалады.
Өмірімнің бастауы қосты ұмытсам
Тірлігімнің тоқырап, тоқтағаны.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter