Өлеңдер ✍️

  08.06.2022
  294


Автор: Жұбан Тасар

АҢШЫНЫҢ ӨКІНІШІ

(баллада)
Төбетімді ертіп алып, қару алып қолыма,
Із кесумен ой жүгірте көтеруге көңілді,
Аңсақ сезім, алып шықты аң аулайтын жолыма
Келем кезіп, ойлы-қырлы бедерімен өңірді.
«Жолашарым» алға озды әудем жерде барады,
Ашық аспан, бесін кезі тал тоғайды сүзгілеп,
Көп жүрді ме, бір мезгілде мойын бұрып қарады
Іннің аузын бытыс басқан қалың шөпті үзгілеп.
Шықтым келіп бір төбеге ауырған соң қара сан,
Құтымды алып тыныс ала, шөл басуға су жұтып
Жан-жағыма көз жіберіп, барлай келіп қарасам
«Серігім» жоқ, ғайып бейне көрінбеді бу тұтып.
Айқайладым, арсылдаған естіледі бір сайдан,
Сүрінсем де, жөнеп бердім құлдилата төменге,
Көрдім сонда сырттанменен, бөрі салған бір майдан,
Айқасты да, қашты көкжал жаңа үйген кебенге.
Білетінмін, жыра-жықпыл терең өзек сай бар-ды,
Таяп келіп ернегіне биік жартас қолаттың,
Болсадағы итім мықты, екен ол тым айбарлы


Қосауыздың шүріппесін басып қалып оқ аттым.
Тиді білем, омақаса құлап түсті жонды ұрып,
Қарсыласы жатқан жерден, ала кетті қоңынан,
Мүйіз сапты ақ пышақты оң қолыма қондырып
Мен де жеттім жанталасқан екеуінің соңынан.
Болсадағы қан жарадар аңдасыма алдырмай,
Азуымен айбат шегіп қарсы тұрды азарға,
Деген оймен: «серігімді жазым етер қапыда
Қан аңсаған, тап келдің-ау дәл осы кез ажалға»,
Тіктескенде, кеңірдегін ордым оңтай жақындап,
Түсті құлап, нұры тайды жарқылдаған көзінің,
Арланым да болысқандай жұлқылайды тақымдап
Тап сол сәтте тұрды аяныш жүрегімде өзімнің.
Жалғыз жанды екеуледік, кеткен едім емініп,
Жалаңдаған пышағыммен ірей бердім терісін,
Күн де батты ұясына, сұп-сұр болып егіліп
Көрінбесін, дегендей-ақ сенің мұндай «ер ісің».




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу