Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
08.06.2022
317
ҚОСКӨЛ
Кербез-тін мөлдіреген гүлім дейтін,
Өн бойы қоға, қамыс күлімдейтін,
Қаз-үйрек жүзіп жүрген қайықтайын
Сыбдыры жан біткенге білінбейтін.
Тыңдадым ән мен күйін салған құрақ,
Балыққа суұйық боп болған тұрақ,
Көл бетін нәзік жанды шымырлатып
Қоғадан қамшы өрдім бұрап-бұрап.
Толықсып Қоскөл сонда қыпылдайтын,
Жағасы толқын сүйіп шыпылдайтын,
Құрағы самал желмен тербетіліп
Қамысы сыбызғы боп сыпылдайтын.
Жастық шақ жағасында салдым ойнақ,
Сүңгумен тереңіне алдым бойлап,
Құстарын үркіттім де қиқулаған
Бармастан байыбына алдын ойлап...
Жаратқан түзген көркем барын баста,
Балаймын: бал сезімді балғын жаста,
оралмас оралынан қол бұлғайтын
мәңгілік өмір сәні – қарындасқа.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter