Өлеңдер ✍️
СЕНІ ОЙЛАП ТАҒЫ ОТЫРАМ
Ызғарлы суық қаңтарда,
Омбалай басып ақ қарда
Келгенде уәде бойынша,
Сөзіңнен танып жалтарма.
Боранды күнде ақпанда,
Айнала сүңгі таққанда.
Сені ойлап тағы отырам,
Сезімге нұрлы батқанда.
Жыл басы наурыз ай қандай,
Табиғат түлеп жайқалғай.
Көктеммен бірге құлпырып,
Жүректе жанып ой қалғай!
Айында жылда сәуірдің,
Көңілім ерек тәуірмін.
Махаббат деген от екен,
Шарпиды лебі әуірдің.
Жүрегім салған дабырға,
Сезімім сергек жаңылма.
Екі ұдай ойда болам мен,
Құлпыра жеткен мамырда.
Мезгіл жоқ жазда маусымдай,
Жалғасса екен таусылмай.
Жүректі тербер сазымен,
Сағындым қалқам даусыңды-ай!
Қыдырған жайлы саябақ,
Өзіне тартар шын мені.
Сезімді айтқан сыр қылып,
Ұмытам қалай шілдені.
Көргенде сені жаны ізгім,
Сезімнен бұлақ ағыздым.
Сағынам әлі таңдарын,
Тамылжыған тамыздың.
Саялап бақта бір тұрған,
Жүректерге нұр тұнған.
Жадымнан менің кетпейді,
Қыркүйек айы құлпырған.
Самал жел соқса азанда,
Мұңымды төгем ғазалға.
Тағатым күнде таусылып,
Еске алам сені қазанда.
Сезімдер тербеп тамаша,
Шығатын кейде оңаша.
Ғажап қой білген адамға,
Келгенде айым қараша.
Мөлдіреп көздер қияға,
Ғашыққа қиын жол тосқан.
Суық та болса күндерің,
Қимаймын сені желтоқсан.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter