Өлеңдер ✍️

  07.06.2022
  150


Автор: Сәдуақас Абдынасырұлы

ӘУЕЗ БЕН ӘНГЕ АЙНАЛЫП КЕТТІҢ АҒА!

Шәмші әні!
Десе менің көңілім шалқып,
Сырлы әуеннің


сырына кетем балқып.
Тыңдағанда жан тыншып тұңғиыққа,
Батасың рахаттанып, сезім тасып.
Көкке сермеп,
құлашты жайып кеңге,
Сезімді әуелеткен ғажап әнге.
Шәмші аға,
қадіріңді қастерлеймін,
Нұр менен қуат берген жанға, тәнге!
Жазып алып,
тастамай жанымыздан,
Өскенбіз әніңді айтып жасымыздан.
Мәңгі жас боп сондықтан біз келеміз,
Өтсе де талай ғұмыр басымыздан.
Той, думанда
әніңді қалықтатып,
Қайта-қайта айтуға жалықпадық.
Жанға жайлы әнің мен әуезіңе,
Құрбымен вальс билеп қалықтадық.
Осы күн...
қалай енді ұқтырамын,
Естігенде әніңді тік тұрамын.
Шәмші аға!
Аяулым ең, қапыда қап,
Білмеппін кірпігіме шық тұрарын.
Бітеу жара іштегі емделер ме?
Тұлпар менен сұр жабы тең келер ме?
Суайттар бар сыртыңнан сыпсыңдаған,
Не дейсің ондай оңбас пенделерге!
Тіфа, қазақ
таланттан кенде ел ме?
Бірақ орның
ойсырар жөнделер ме?
Әнге бөлеп еліңді қайрылмасқа,
Кеттің бе аға, ырза бол сен де елге.
Шабытпен
зеңгір көкке қанат қаға,
Әуез бен әнге айналып кеттің аға!
Сезім мен жүрек тербер құдіретті,
Мұраңа ізде қалған жетпес баға!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу