Өлеңдер ✍️

  07.06.2022
  503


Автор: Сәдуақас Абдынасырұлы

ҚОС ҚЫРАНЫМ ТІРЕГІМ

(М. Әуезовке)
Әуез молда
ұлы Абайдың өлеңдерін қаттатып,
Немересі Мұхтарға айтып жаттатып
Қасиетін жастайынан ұқтырған,
Қыран құсты балапаннан баптатып.
Шыңғыс тауы,
Абай аулы ордасы,
Ыстық бізге қазір де оның әр тасы.
Абай жүрген қасиетті топырақ,
Жас күнінен Мұхтар өскен ортасы.
Абай жолы
шарлап жатқан Жидебай,
Көңіл шіркін, кейде жұтаң, кейде бай.
Сол кездерден жап-жас ойлы Мұхтардың,
Көз алдында көлбеңдеді бейнең-ай!
Содан кейін шәкірт болдың,
Ұлы Абайға ақмаңдай,
Сыпырылып қара түнек,
Ағарып таң атқандай.
Әрбір шумақ көңілін тербеп, мазалап,
«Абай жолы» мен мұндалап жатқандай.
Тағзым етіп содан бері
Абай жазған өлеңге,
Сол арқылы тамыр тарттың тереңге.
Ұшқыр қиял,
зор шабытпен, талантпен,
Ұлы Абайды әйгіледің әлемге!
Өзіңе ұқсап
өрге тартса талабым,
«Абай жолын» қайта қолға аламын.
Ұлы Абайдың өзгеше ұғып сезімін,
Өзіңменен сырласқандай боламын.
Қос қыранның ұғып содан жүрегін,
Рухынан қуат алып жүремін.
Мен қуансам демеу болар екеуі,
Ал, қайғырсам, сүйенішім, тірегім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу