Өлеңдер ✍️
БЕУ, АРЫСТАР...
Қазағымның
қай кезде де жыры нық,
Нық жырынан
құлақ түріп сырын ұқ.
Асыл перзент,
Алыптардың күшімен,
Жетті бізге тарих қанша сүрініп.
Ауыр кезде
белде салмақ бүгіліп,
Заман тұрды
тұман басып бүлініп.
Қандай қорлық көрсетпеді жауыздар,
Кеткендейсің бұл өмірден түңіліп.
Беу, Арыстар,
арпалыстың елім деп,
Туған жерден
қандай батыр жерінбек?!
Ар алдында асқақ ұстап өздерін,
Жауыздықтан тайсалмаған ерім көп!
Сол бір заман
болып еді дүрбелең,
Мәні басқа,
ұға білсең бұл терең.
Бәрінің де айту керек шындығын,
Еркін елміз, енді неден күрмелем?
Тар қыспақта
жүрек қанша сыздады,
Ұқтық қанша
біліп соны біз дағы.
Азат елді аңсап қанат қомдаған,
Ол ағалар қыран бүркіт құздағы.
Ескерткіш деп
ең болмаса тасты үйіп,
Тағзым ете алмап едік басты иіп.
Кешіріңдер, кештеу ұқсақ Сіздерді,
Еске аламыз енді құлпы тас құйып.
Рухыңыз
ұрпағымды әр кезде де жебесін,
Қолдай берсін, қолтығынан демесін.
Пәк жүрекпен ағаларды ардақтап,
Қасаң ойдың сөксін дейміз көбесін.
Талантыңыз
тал бесікке қонсын көп.
Құшағымыз қуанышқа толсын тек.
Осы өлеңді
өздеріңе арнадым,
Құлпытастың бір кірпіші болсын деп!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter