Өлеңдер ✍️
О, МУЗАЛАР
Көңіліме
оңашада мұң арттым,
Кейде пәс боп
тағдыр шіркін мұнарттың.
Іздеймін деп
жанға дауа музадан,
Есім кетіп
мен өлеңге құмарттым.
Құмарттым да
ақындарға жабыстым,
Сағынысқан
ғашықтардай табыстым.
Лапылдады сезім оты мендегі,
Жігерлендім туын ұстап намыстың.
Қолға алғанда
қайта-қайта Қасымды,
Қам көңілім
жадырады басылды.
Мұқағали мұңыменен сырласып,
Түнек сезім серпілді де ашылды.
Төлегеннен
төкпелетіп оқысам,
Төбем көкке төрт елідей жетпейді.
Фаризаның сұлу, сырлы сезімі,
Менің дағы көкірегімде көктейді.
Қадір аға
қадірін де ұққанмын,
Өйткені мен
оны да оқып шыққанмын.
Жұмекеннің, Ақұштаптың, Күләштің,
Өлеңінен жүрегіме жұққан мұң.
Қашағанның
жыры қандай қайратты,
Абыл қанша сөз маржанын сайратты
Нұрым және Сәттіғұл мен Қалнияз,
Жырлары да көңілімізді жайнатты.
Есенғали,
Ұлықбек пен Жүрсіндер,
Жырларыңмен қуат беріп жүрсіңдер.
Темірханның, Өтежанның ойлары,
Сезіміңді қозғар терең қайдағы.
Орандым да
отына сезім - жалынның,
Оңашада ой-қиялға бағындым.
О, музалар жүрегімді тербеткен,
Қиналғанда өздеріңе табындым.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter