Өлеңдер ✍️

  07.06.2022
  134


Автор: Талғат Қайбұллаұлы

АЗИАДА – АҚ АЙДЫН

Жаратылған от намыстан жасынан,
Каһарына жауы келіп бас ұрған.
Азиада жақты алауын төріме,
Алашымның абыройын асырған.
Азиада қос қаламнан төр тепті,
Төрт құрлық та дүбірінен селт етті.
Ұл-қызымыз жалындаған өр, текті,
Елім үшін аянбастан тер төкті.
Асқақтадық, айбындадық тағы біз,
Жарқырады жұлдызымыз – бағымыз.
Желтоқсанда қан төгілген көк мұзға,
Төгілмеді абырой мен арымыз.
Байрағыңа бірнеше бас иілді,
Күмбірлетіп ойнаттырып күйіңді.
Таудан төмен сырғанаған шаңғымен
Шаңғышылар қыран сынды шүйілді.
Кешегі өткен жөн білетін ізгілер
Дүниенің тылсымдарын жүз білер.
Денсаулықтың кепілі ғой бұл спорт,
Сол спортқа шырақ жақты біздің ел.
Тамашаға куә болып келгендер,
Шеберлікке таңдай қақты көргендер.


Кедергілер кездессе де жолында,
Нысананы дәлдеп атты мергендер.
Бұл додаға бізден осы сый деді,
Қыз бен жігіт қол ұстасып биледі.
Алуан түрлі қимылдары таң қылып,
Мұз үстінде бірін-бірі сүйреді.
Мұрат, мақсат күтіп тұрды тіпті алда,
Ұлт мүддесін ел ағасы ұққанда,
Азияға дүбір жетті біздерден,
Азиада ақ барысы шыққанда.
Мекен еткен алыс-жақын қиырды,
Өңкей дүрлер еліме кеп жиылды.
Оза шауып бәйге алды тұлпарлар,
Мықтыларға алтын алқа бұйырды.
Сан тараптан келсе-дағы кіл мықты,
Жасамады айтарлықтай сұмдықты.
Жеңіс бізге өзі келді, өйткені
Жеңістен де артық қойдық бірлікті.



* * *


Әуелден азаттыққа құмар бабам,
Жау десе тор бестісін тұмарлаған.
Дертімді қызыл қанға тұншықтырып
Еркіндік сыйлап кеткен бұлар маған.
Туған соң текті анадан қырандай ұл,
Буған соң белді ел деп ұрандай бір.
Өздері қашып-пысып күн көрсе де,
Ұрпаққа жер қалдырған ұлан-ғайыр.
Қазақпыз жолында өлген ар-намыстың,
Сәйгүлік құлағын да жолда құштым.
Тегіміз қарға тамыр болғанымен,
Биікте қырандай боп самғап ұштым.
Айтқаны тоқтау салған ақылдының,
Аңыз боп ел аузында жатыр бүгін
Қырылған қылышымнан қынадай боп,
Ұрынған жауыма аян батырлығым.
Орданың ірі шығып ортасында,
Қорғаған қалың елін қалқасында.
Әр таңды азат ел боп атырамыз,
Баһадүр бабалардың арқасында.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу