Өлеңдер ✍️
ЕҢБЕК
Шаршама, сен де ендеше қалам жырдан,
Етейін уақытымды саған құрбан.
Ғибрат алсаң жетер, мақсатым сол,
Ағайын, ақын жазған ғазал жырдан.
Қиыннан қиыстырып жол тапқандар,
Деуші еді «шебер қолы – ортақ қолдар».
Тәңірі де тілектеріңді қабыл қылар,
Маңдайыңның терімен мал тапсаңдар.
Жексұрын жұртшылыққа көрінбесең,
Отырарсың көпшіліктің төрінде сен.
Бейнетіңнің зейнетін көресің ғой,
Еңбектенсең, ешқашан ерінбесең.
Ұрлыққа баспасаңыз, жамандыққа,
Еңбек ет, осы саған адал нұсқа.
Тер төгіп адал еңбек қыла білсең,
Ол сені бастап барар адамдыққа.
Еңбектенген адамзат қайсар, мықты,
Ашайын еппен ғана ой-сандықты.
Қолыңыздан түспесін күрегіңіз,
Жаныңа жолдас қылма жалқаулықты.
Арасын айыра біл ақ-қараның,
Өзеннен көрінеді тасқан арын.
Ұрлық қылып мал жима, еш уақытта
Біреудің ала жібін аттамағын.
Ұрлықтың түспе ала-жолағына,
Түсерсің Тәңірінің тозағына.
Сонда ешкімнің дауы жоқ сеніменен
Еңбектен тапқан адал қазаныңа.
Демеші біздей ақын не біледі?
Жаманға жаманшылық кезігеді.
Ұрпағыңа дәріпте ұлы еңбекті,
Не үйренсе балапан соны іледі.
Болса егер тауып жүрген наның адал,
Болса егер тауып жүрген малың адал,
Болса егер мына жұртқа арың адал,
Сен сүрген онда өмірде мағына бар!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter