Өлеңдер ✍️

  07.06.2022
  131


Автор: Талғат Қайбұллаұлы

ЕЛТАҢБА

Ақындық әу баста мұратым,
Шабытын шыңдайды шын ақын.
Ақынның өлеңі өлмейді,
Өлеңін өсиет қылатын.
Оңымнан туғандай Күн-Айым,
Жазбасам жыр маған уайым.
Елтаңба бейнесін жырменен
Ұрпаққа мен баян қылайын.
Шабытым, қырандай самғашы,
Көңілім емес қой болмашы.
Ерекше терең ой бар мұнда,
Елтаңба - елімнің таңбасы.
Шабыттың оты ғой өшпеген,
Өшкенде сені, өлең, не істер ем?
Қанатты қос ат тұр таңбамда,
Елміз ғой «Ер қанаты – ат деген».
Ел едің «Ер қанаты – ат деген»,
Елді де қорғадың атпенен.
Осындай терең ой тұнып тұр,
Жерді де қорғадың атпенен.
Қазанаты ізі бар қазылған,
Керемет ой екен табылған.


Мәңгілік өшпестей қашалып
Астына «Қазақстан» деп жазылған.
Сол сөзден кетесің жадырап,
Ақынның болады ойы нақ.
Қазақстан ортақ үй дегендей
Ойылып салынған шаңырақ.
Ешкімнің жоқ шығар сенгісі,
Әркімнің сіңген жөн елге ісі.
Елтаңба - елімнің бағы ғой,
Елтаңба - елдіктің белгісі!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу