Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
06.06.2022
113
ДОСҚА
Қызық-қызық сөз тұр-ау қызыл тілдің ұшында,
Қыпылдамай айт, досым, өкпелер деп қысылма.
Оңған түрі осы деп, олқы санап жүрмісің,
«Ой, пәлі-ай» деп қойғанға ойын-тойдың тұсында?
Сан ғасырға кетер-ау сәбиіңмен жасты еңбек,
Әуреленсек ойменен, әуреленбей шашпен көп.
Жүйке құртқан арудың жүзін мүлде көре алмай,
Жүретін де кездер бар жүректі емес, басты емдеп.
Тек өзіне белгілі тер төккенде жеткені,
Не құрымай біржола, не шарықтап кетпеді.
Дабырадан қашқанға даңқсыз деп жүрмісің,
Доп тебетін жігіттей дабысы жоқ деп мені?
Кебенекпен жүргенді керексізге жорыма,
Айтқаныңды қосайын ақыл-естің қорына.
Майданнан соң иесін әзер тапқан ордендей,
Ақындарға абырой оралады соңыра.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter