Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  120


Автор: Жұматай Жақыпбаев

КӨКТЕУДЕГІ КӨРІНІСТЕР: СҰР ТҰСАҚ, ҚОЙШЫ БАЛА ЖӘНЕ ГАРСИА ЛОРКА

1
Көкек айда көктеуге көмекке кеп,
Көптеу жауған жаңбырға ел өкпелеп,
Бетегеге көк қасқа қозы жайып,
Көпшілік боп көп төлге өбектеп ек.
Көк қуалап, жапырлап тоқтамаған,
Жалқы төлді саулықтан топтама алғам,
Отыз-қырық қозының қолы жеңіл
Тәрбиеші-тәуібі боп та қалғам.
Қажытса да жүгіріс қара сан ғып,
Мейірім көрсек мал-жанға жарасарлық,
Қуанамыз елжіреп: мекіреніп,
Шаранасын жаласа мама саулық.
Сонша үзілген, не деген өзек еді?!
Шөлдегендей шәрбатқа көзедегі –
Қошақанын құшақтап қораға әкет,
Мама саулық маңырап өзі ереді.
Немкеттілік жоқ онда ешкідегі,
Қой баласы ешкіден есті ме еді?!
Мама саулық даусынан – маңыраудан:
«Құлдығым-ай!» – деген сөз естіледі.
2
Қоспажеммен қас-көзім «сүрмеленген»,
Сақал өсіп, сапсияр түрге келген.
Шірік сабан, қи мен жем иісі аңқыған,
Алагөлең қораға кірген ем мен.
Торсығынан сүт беріп, таңын ашып,
Қой мен қозы жатады жамырасып...
Мынау – сұмдық! Ақырдым: «Әй-әй!» деп мен,
Қошақанға құйтымдай жаным ашып.
Кегі кеткен секілді жеңіліп көп,
Тастағанын елемей оны бүктеп.
Сыңар емшек, сұр тұсақ өз қозысын,
Тағы ұмтылды сүзуге шегініп кеп.
Күл боп кеткен жаздағы жапырағы,
Жоңышқа да тең-тең боп жатыр әні...
Қора ішіне қарадым – бітеу шамдал,
Сөйлете алмай сәулесін аһ ұрады.
Ойыны ма бұл иттің, шыны ма деп,
Ашуы көп бұл жолғы, мұңы да көп,
Шам жалыны – шарасыз, шайқатылып,
Өзі ұрады өз басын шыныға кеп.
Қорқыныш жоқ қошақан қаперінде,
Қаперінде жоқ оның қатерің де.
«Қой баласын қоңыр», – деп ойлаушы едім,
Не істерге білмедім қапелімде.
Жаңа түскен жылбысқы шарананы,
Тұра қашып тұмса ене жаламады.
Одырайып, ол аздай шегіншектеп,
Сұмдығына оқталды бағанағы.
Туа сала енесі қырсық қылды,
Шарананың көзіне бір шық тұнды.
Төбе шашым тік тұрды, тітіркеніп,
Зәуі сайтан жанымды түршіктірді.
Мұндай сұмдық көргем жоқ ер жетіп мен,
Мал сырына, қойшы ұлы, сен жетік пе ең?!
Көре сала айғай сап, жүгіріп кеп,
Тептің келіп тұсақты керзі етікпен.
Керзі етікпен өкпеден бір тебілген,
Шағын шарбақ ұяға үрке кірген.
Сұр тұсақтың аямай жағын ашып,
Ауыздықтап, кердің де сым темірмен
Тағы тиді бүйірден тепкің келіп,
Балағатты бората төктің келіп...
«Саулық қойға мұны, аға, теліңіз», – деп,
Қошақанды қолыма кеттің беріп.
Шықсақ-тағы шарықтап сапарға мың,
Жүргенін де білмейміз қатарда кім.
Алғыс айтып, мен саған қарап қаппын,
Ақтылы қой жаятын қаһарманым!..
Жасай алсам мен оның мына ерлігін,
Жаутаңдаумен жауызға тұрар ма едім?!
Жан түршігер сұмдықтан сол сәттегі,
Біраз шашым бозарған шығар менің.
3
Қимылым да шираған, жүрісім де,
Құм ішінде, үйге ендім түн ішінде.
Теледидар жыпықтап тоқтамай тұр,
Кірісеміз, қол жуып, міне, сүрге!
Біздің елдің ежелгі екі ермегі –
Қой мен өлең: қойшы боп өтер ме еді?!
Ет туралып, енді біз оқталғанда,
Саулығы үшін мал-бастың көтергелі,
Көтергелі жатқанда қонақтары,
Зуылдаған экран жолақтары
Сап тыйылып, ешкімнің қолы тимей,
Өз орнына суреті қонақтады.
– Ойбай, әке, тұра тұр, мынаң қара,
Қара сен де, қарашы, қыран дала!
Талдау жасап жатыр ғой телеэкран,
Лорка жазған лағылдай шығармаға!
Адамзатқа ән – ортақ, ортақ – өлең,
Жердің жүзін бізге ортақ орта көрем?!
– Шет елдік ең сүйікті шайырыңыз?
Ол сұраққа ойланбай: – Лорка! – дер ем.
Аңыз қылған жастай-ақ төңірегі,
Қандай ғажап басталған өмір еді!
Бала Лорка қозыдай сүйкімді еді-ау,
Дана Лорка қозыдай қоңыр еді.
Пиренейлік Ақан ол жаны сері,
Сол-тын және испанның Әлішері.
Отызыншы жылдағы Отанының,
Ең алғашқы, ең биік табысы еді...
Пиренейге Лоркадан келген кейін,
Ұлы ақын жоқ, мен неге шерленбейін?!
Сұлу ақын білетін испан тілін –
Гауһар сырын білетін зергердейін.
Сұлу еді-ау! Ақынның оңдысы – өңді,
Жауһар жырмен жаулайтын сол кісі елді.
Тіл маржанын тереңнен сүзіп алып,
Театрда шашатын оңды-солды.
Пиренейдің аспанға ғашық ұлы,
Аспандар ма қайтадан ашық үні?!
Франкистік «Отаны» опат қылды,
Заузаға да залалсыз жас ұлыны.
Қайда өлді екен оны атқан қара бет, сұм?
«Рақатын» лақатқа ала кетсін!
Осы ойларға батқанда, қайтып қана,
Өңешіңнен тамақ пен шарап өтсін.
Жерге қойдым кесені шарабы бар,
Мұңға баттым, мұңымды бала да ұғар.
Елестеді көзіме жүзі қара,
Елестеді көзіме жаңағы мал.
Елестеттім көзіме сұм бейнесін,
Сәбиінен тағы алып жүрмей ме өшін?!
Бір жығылып, бір тұрған кішкентайдың,
Өз қозысы екенін білмей ме шын?!
Баса-көктеп сүзгендей балаңды өндір,
Тырнады ма туа сап жараңды ол бір?!
Франкистей сен-дағы фашиспісің,
Арам өлгір, ақ тонды қараң келгір?!
Гүл лақтырған айғайлап төңірегі,
Қандай ғана ғажайып өмір еді!
Бала Лорка қозыдай сүйкімді еді-ау,
Дана Лорка қозыдай қоңыр еді.
Ізгі болу мейірім мен ұяттан-ды,
Жазалаған жауызды тұяқты әлгі,
Қойшы бала, аттанған Мадридке,
Эрнест Хемингуэй сияқтанды.
Пиренейге Лоркадан келген кейін
Ұлы ақын жоқ, мен неге шерленбейін?!
Сұлу ақын білетін испан тілін,
Гауһар сырын білетін зергердейін.
Сұлу еді-ау! Шайырдың өңдісі оңды,
Жауһар жырмен жаулайтын сол кісі елді.
Тіл маржанын тереңнен сүзіп алып,
Театрда шашатын оңды-солды.
Пиренейдің аспанға ғашық ұлы,
Аспандар ма қайтадан ашық үні?!
Франкистік «енесі» опат қылды,
Заузаға да залалсыз жас ұлыны.
Тұрмағанмен фашистер күш ап бүгін,
Қайтпайды енді, Пиреней, құшаққа ұлың!
Отан емес! – Фашистік Испания –
Өз қозысын өлтірген тұсақтұғын!
Жендеттердің қарасын батырып күн,
Жіберген соң, Мадрид, ақыры ұқтың:
Отан емес! – Фашистік Испания –
Өзі өлтірген өз төлін мақұлық-тын!
Ұрандарға мыңдаған тақырып қып,
Адамзат боп алысып, ақыры ұттық:
Фашистердің болмасын мемлекеті,
Мемлекет боп кетпесін мақұлықтық!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу