Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  99


Автор: Жұматай Жақыпбаев

Бейнелеген сияқты ем ағыңды ақпен....

Бейнелеген сияқты ем ағыңды ақпен,
Аз жаққам ғой қағазға жанымды ап мен.
«Мені айна қып, түріңе қарашы өзің» -
Кейін және осылай жалынбап па ем?
Портретін көрмейді кісі күнде,
Болады оны ұғуға, түсінуге, -
«Суретімді салды, – деп, – бір суретші»,
Бір қуаныш ойнап жүр пішінінде.
Өле өбуге оңтайлап бір бетіңді,
Бір көргеннен білдіріп құрметімді,
Кірпігімнің ұшымен кеңістікке,
Қаншама рет салмадым суретіңді?!
Портретің ...Ұқсайды түрі кімге?
Мен де сондай шимайпаз бірімін бе?
Сенің бейнең миымда, жүрегімде,
Тамырымның, қолымның дірілінде.
Білмейтұғын жан екен ұятты анық,
Жүрісін-ай күшіктің мият тауып, –
Христостың мойынын қисайтатын,
Христиан иконшы сияқтанып.
Жетістірер. Айт сонау желөкпеге:
«Әуреленбе, дедектеп, өбектеме.
Мен шыбықтай нәп-нәзік ақ құдаймын,
Түспейтұғын қағазға, кенепке де!»
Қоя ғой де әлемнің Ақылды Үні,
кристалы рухтың, нәті үлгілі.
Адамзаттың жетеді аяулысын,
ардақтауға жіберген кәпірлігі.
Ақ қағазды шарпыса аз-кем демім,
Әспеттелер әуелеп сазбен де өңің.
...Сенің бейнең – менікі, менің бейнем,
Сәуле төккен кішкентай Сәждем менің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу