Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
06.06.2022
152
ҚАЙРАН ШЕШЕМ
Ару көп қасы керік, жүзі балғын,
Көңілді жүрсе де олар бұзып әр күн.
«Апалап» саған жақсы қарасын деп,
Көксудың көңілі бос қызын алдым.
Ғасырдың алпыс қысын, жазын көріп,
Қасыңнан қашты сенің әзіл, көрік.
Бет-аузың бір-ақ уыс боп барады,
Қайтейін, кішміштей әжімденіп.
«Мұң-қайғы мойытпады әсте мені»,
Дейтұғын ұлың да бір хас төре еді.
Әкем жоқ, сен аурусың, соны ойласам,
Көзіме екі тарам жас келеді.
Бір жұртым сырт айналды жат елдерше,
Тіріліп, қайтер еді, әкем келсе?
Құрысын көмір жағып, су алмайтын,
Қолыма алар ем-ау пәтер берсе.
Артылмай жақсылығым бір өзімнен,
Кезім бұл жүз егіліп, мың езілген.
Таланыма табысым пар келмеуін,
Табам-ау баяғы тік мінезімнен.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter