Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  135


Автор: Жұматай Жақыпбаев

Жүйкеге тиер жүзім жоқ мұнда, жоқ алша....

Жүйкеге тиер жүзім жоқ мұнда, жоқ алша,
Меңсіз ақ тастар арасы түгел көк арша.
Адамнан емес, аюдан келген пәле де,
Шың жаққа түсіп бір-екі сиыр жоғалса.
Шақылдақ ұстап шапқылап жүрген мәз бала,
Аңсаған жүзін аспанға бұрар аз ғана –
Тамаққа шапқан тазыдай таумен зулатып,
Көлеңке сұлба жүгіртсе жермен тазқара.
Шалғысын жанып, шаппайды таудың шөбін ел,
Көкпардан басқа жерде жоқ терім төгілер.
Кемпірқосақтың да бір басы түссе ошаққа,
Екінші басы желі қасынан көрінер.
Жүректің тұсын оң қолмен басып әуелде,
Риясыз келіп берілер, досым, сәлем де.
Ауырмақ түгіл, түшкіріп жүрген адам жоқ,
Зұлымдық, сұмдық болмаған сынды әлемде.
Қалаға келіп көрсем де қырттар қыспағын,
Өзімді тауда жүргендей жайсаң ұстадым.
Көгілдір орда, көзіңнің қарашығымын,
Қарағай тулы кешегі Моғолстаным.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу