Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  137


Автор: Жұматай Жақыпбаев

Талайды оқып, талайды көріп...

Талайды оқып, талайды көріп,
Өскенмен, пай-пай, оңбайды жеңгем, –
баласын кейде сабайды келіп,
Мао-Цзедундай торғайды жеңген.
Қайтпаса беттен жарады дер ем,
Ісіне барлық кісі еді берік.
Ағамның арақ-шарабыменен
Айқасқа сосын түседі келіп.
Қайтарар жауап, жаңа күшпенен
Жасардай ағам бір атақты ерлік:
«Адольф Гитлер арақ ішпеген, –
Ал содан қандай рақат көрдік?!»
Сөйлейді жеңгем: «Түбінде сендер,
Өз түптеріңе де жетесіңдер ғой.
Бір-екі күндей сімірмесеңдер,
Гитлер болып кетесіңдер ме, ей?!»
«Адасқандарды қорғайды қулық, –
Айтайын деп ем ерлерге сыр қып:
Шындық бар жерде болмайды мұңдық,
Ішпеймін, – дейді ол, – жеңгенде шындық.
Талайды сұмдар түсіртті көрге,
Шындықтың өзін жырласа да оңды».
«Ішпесең ішпе! Ішірткі берме,
Ешкімді ішкіш қылмасаң болды!»
Дәме етіп жұрттан міндетті құрмет,
Кісімсіп, ерсіп көреген, ойлы:
«Алкоголизмді...бір дертті бір дерт,
Неврастения жеңе ме? – дейді. –
Ақылдың шыңы – қиранды ғана!
Оздырған қару-жарақпен ойын, –
Біз аяп келдік...тиранды ғана,
Тұз-дәмі біткен сағатқа дейін».
Түйілер сосын әдемі қасы:
(Шарықтап айтыс, жыр қызып жатыр)
«Науқанның құлы – пәленің басы,
Пысықтың бәрі – инквизатор.
Қайныңа – анау қонағыңа да аян,
Бір ой бар бүйір таянған қолдай.
Омарға сенген – болады Хаям,
Сенбеген кетпек Хаям да болмай!»
Көрінді сонау қиғылық та ерлік,
Ағама бір сөз берейік пе әлі?
«Қасқырдың миын ми қылып келдік,
өлтірмей жеңіп көрейік-тағы!»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу