Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
06.06.2022
108
Көшеде
Львовқа үлгіргем жоқ қонып та әлі,
Келемін шәйірлермен жолыққалы.
Қаланған қара тастар тар көшеде,
Жүгері дәндеріндей собықтағы.
Мәртебең жерде тұрмақ жыр өзі ілген,
Жөн ғой жөн, өзіне көз тіге жүрген.
Мен мұнда ұстаз да емес, шәкірт те емес,
Кеп түстім жайбарақат мінезіммен.
Жігітпін жоқ ешкімнің даңқында өші,
Әйтеуір жыр ақынның алтын көші.
Мен мұнда үйретпеймін, билетпеймін,
Кеп түстім балпаң басқан қалпымда осы.
Ойланып өзім жайлы қалдым, інім,
Жымиып сені есіме алдым бүгін.
Жаным-ау, мен де жақсы қазақпын ба,
Менің де бар ма, апырмау, Жамбылдығым?
Кеп түстік. Болады әзір не деуіме,
Уақыт бар бізді де елдің елеуіне.
Толқысам, Шапырашты темекісі –
Қол салам қалтамдағы «Медеуіме».
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter