Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  139


Автор: Жұматай Жақыпбаев

САРНОҚАЙ САЗДАРЫ

Бұлақтары мөлдір, бірақ жігерлі,
Сарноқайдың тасы момын, шөбі ізгі.
Екі-үш күнде майталман ғып жіберді,
Майданектен келгендей бір өгізді.
Қайран Қусақ, келген досым қиырдан,
Эрмитажда жүргендей боп алқынды.
Мезозойдың қиялымен құйылған,
Үйтастардың маңызы да әртүрлі.
Үйтастар ғой мызғымастай тақырып,
Сезімдерге шомдыратын мың түрлі.
Бірі мұңды өкінішке батырып,
Бірі тіптен келтіреді күлкіңді.
Ана бір тас шала піскен құймақтан
Айнымаса, мына үйтастың қабағы
Мұқлай го-уан басқа елдерде қиратқан,
Қалалардың халын еске салады.
Сан рет мен оны да ойлап қиналдым,
Құла ат түкті Сарноқайдың бауырында.
Не бар еді үйін өртеп Иранның,
Не бар еді таңғұттардың ауылында?!
Мамыражай жақсы уақыт туды шын,
Қараталға, Керуленге, Ононға.
Қаза бермей бабамыздың қылмысын,
Жүр, інішек, күй тартайық одан да.
Арша ішінде көк қалампыр гүл ашқан,
Тас жастанып, бетегеге жантайып.
Мына жылқы, мына шалғын, мына аспан,
Мәңгі осылай тұруы үшін тартайық.
Күй тартайық, күйде біздің қолдағы үн,
Сарноқай ғой шығысым һәм батысым.
Жақсы болды менің ақын болғаным,
Мына бір шөп, мына бір боз ат үшін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу