Өлеңдер ✍️
ҚАЗАНҒАПТЫҢ ҚҰРДАСЫ АЙТЫПТЫ ДЕГЕН СӨЗ
Сабасы қылды наланың замана мұны,
Шаппайбер шықты шанақта жараған мұңы.
Арқауы ауыр тұмандай туады бір күй,
Әйелі ерге, ер жерге қараған күні.
Ми қосар сазды сақтайтын, әрине, халық,
Әрине, халық күйге елтіп, нар игені анық.
Кемпірқосақтай көңілінің бір тіні – баран,
Көрінбей тұрса, үн тыңда қара үйден барып.
Жесірін тартып алғандай құдайдың ер ұл,
Жабырқап өсті жас ғұмыр шырайлы небір.
Жер кене қырттар жабылса жетесіз, ессіз,
Атылған құстай аспаннан құлайды көңіл.
Жарықсыз өтер жақсыны көрместің күні,
Хан тағына да көңілін берместің мұңы –
Қазанғап күйі сананың қайрағы емес пе?
Қайраққа қылыш өтпейді – өлместің бірі!
Көкейді тескен тірліктің білгенге мәні,
Көп емес пе еді? Көк мидың бір демде бәрі:
«Өрісте малы, өкімі, билігі жоқтың,
Сүйегіндегі жүйріктік кімдерге дәрі?
«Қазанғап кімге шікірә?» – дегенге шықты,
Арнадан асты, намысым кемерден шықты.
Қақ тұрмас жерге қасарып жалғыз өспесе,
Әулие деп неге байлаймыз еменге шытты?
Қайраным аз ба? Бар менің мұныңа таңым,
Біріңе мінез жетпейді, біріңе тәлім.
Құл менен күңше күңкілдеп күн кешпес үшін,
Әулие ағаш секілді ұлыңа табын.
Тоқымы кеппес ұры әлде ұрдажық па еді?
Аққа құн кессе, бағыда би жазықты еді.
Күйеудей кішік күйшіңнің көргені түрткі,
Атаңның көрін ақжүрек күй қазып па еді?
Әспеттеп күйін жүрдің бе, құрметтеп әнін,
Бір бетке жасың жиылып, бір бетке кәрің?
Ебіңнің бәрін еңсесін езуге жұмсап,
Қоңторғай аттай су жал қып мінбек пе ең бәрің?
Бас қосар сазды сақтайтын, әрине, халық,
Әрине, халық күйге елтіп, нар игені анық.
Кемпірқосақтай көңілінің бір тіні – баран,
Көрінбей тұрса, үн тыңда қара үйден барып.
Несі адамдар – не қылар келгенде қырын,
Жер таба алмас күйлерін көмгенге мұның.
...Ауруға басын көтерткен, аруға – қасын,
Домбыра көрге түспейді сендерден бұрын!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter