Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  103


Автор: Жұматай Жақыпбаев

ТӨБЕГЕ ШЫҚ

Салқын түскен. Сарноқайда – екінді,
Сарноқайда ғажаптар бар не түрлі.
Төмендегі Қаратал да, тоғай да,
Қала, ауыл да макеттегі секілді.
Жасыл шақпақ –егінжайлар жолағы
Көз таспадай, ішектей де жол әні.
Темір жолмен бір эшалон қозғалса,
Жауын құрты жылжығандай болады.
Бәрі-бәрі кішігірім көлемде,
Кіші-кіші ауылдарды көрем де,
Алақанға салғандай боп биіктен,
Қосқым келіп тұрады асқақ өлеңге.
Қызығы көп аспандағы бұл қырдың,
Айғай салып екі шыңды күлдірдім,
Мен сүйткенде құбыладан тоқымдай,
Тауға қарай бұлт жылжыды бір күлгін.
Күлгін бұлттың етек жағы сетінеп,
Келе жатыр, сызып сұлу бетін от.
Ол кеп бірақ Сарноқайға жеткенше,
Бие сауып үлгереді ел екі рет.
–Биікке шық! –ақын басқа не десін, –
Иемденіп өлкеңнің бір төбесін.
Тым құрыса құбыланың қабағын
Елден бұрын және ертерек көресің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу