Өлеңдер ✍️
ТАУ АЙТАДЫ
I
Шалдыққың келсе – мені өлше,
Шаншылтып көкке жолыңды.
Құзарды құзар дегенше,
Қиямет деген орынды.
Ұғып ал оны бүгін сен,
Күтерің алдан қандай сын?
Құзарда жүріп сүрінсең,
Қайтадан сүріне алмайсың.
Жақындап қалған аспанмен,
Жанарың ерте алданар.
Аяқты аңдап басқанмен,
Көзсіз деп сені ел таңданар.
Азамат болсаң белсенер,
Аяңда бері, ендеше.
Шыңға шық – өлгің келсе егер,
Шыңға шық – өлгің келмесе.
II
Естідің кеше қандай үн,
Көрдің бе таудан ақынды,
Талқандап тастың маңдайын,
Жазды кеп сенің атыңды.
Биікте суық жел өпкен,
Тер төкті жігіт қаншама,
Балғамен ауыр кенеттен,
Бармағын соғып алса да.
Өрімдей жігіт бүлдіршін,
Қашаумен тасқа сан қырлы,
Қаншама жылға, кім білсін,
Атыңды сенің қалдырды.
Сұлу қыз, сонау ақынды,
Қуала бірақ төменге,
Жазбады ол сенің атыңды,
Тастан да берік өлеңге.
III
Географ мұзда дірдектеп,
Биіктен ашып кеңсені,
Картаға сызып құрметтеп,
Бойымды менің өлшеді.
Жайлауға келіп жазғы ұшпақ,
Айнала шолып басымды,
Тарихшы мені қазғыштап,
Анықтап кетті жасымды.
Кейіннен жазып томдар көп,
Мақтауды олар төкті кеп –
Тарихшы: «Мықты болған», – деп,
Географ: «Биік бопты», – деп.
Мәз болып қалдым соған да,
Бәрі де дұрыс, шын еді,
Бұдан да биік болам ба?
Оны енді ақын біледі.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter