Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  166


Автор: Жұматай Жақыпбаев

ЕР КЕЛЕДІ

Жерден –ақын, аспаннан –қыран ғашық,
Заңғар күні осылай тұрар ма ашық?
Көк шәйідей аспанның бұлты аз көгі,
Шайқалады шалғында гүл тәждері.
Тауға беттеп аюы, қонжығы бар,
Қанжығада шашақты қоржыны бар
Атпал жігіт бетінен таңбасы анық,
Ақ көлшіктей отарын алға салып,
Матастырып қосалқы ат шылбырларын,
Қағады ерге қой айдап сылдырмағын.
Ауыл көрсе жүйрігі елегізіп,
Ауыздықпен шөп басын келеді үзіп,
Тамашасыз, думансыз таудан аспай,
Түзу мылтық, ит үшін саудаласпай,
Көш-жөнекей кей жерге жүрмей қонып,
Бір шай берген жеңгейге бір қой беріп,
Қымыз ішсе, ән салса жаны балқып,
Сандыққа сап орденін нарына артып,
Жақсы сөзді тыңдайтын қанып ұйып,
Бар қазақтан базарлы жаны биік,
Қайраты бар қарында қара нардың,
Қазанына ет салған қалалардың,
Кербез белде ойнақтап кер дөнені,
Атасының жолымен ер келеді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу