Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  134


Автор: Жұматай Жақыпбаев

АҚЫНҒА

Сіз туған күн...Екі қайта тумайсыз...
Айтар сөз бе: «Ондайсыз бен мұндайсыз»?
Мәртөбедей мәртебеден ыңғайсыз;
Жанды ерітер сөзі түгіл, демі де – ән,
Мұқтардан соң мақтап сізді не қылам?!
Шақырымды көрмейтұғын бір қадам,
Текірексіз терін алмай зырлаған
«Волгаңызбен» шапқылаңыз күнде аман,
Қамарғы ғып қақпайсыз ғой тегі де аң,
«Жағы түкті» ат мінгізіп не қылам?!
Барға барсам, батам күнде зиянға,
«Бай болсам», – деп батқанымдай қиялға.
Үстімдегім кеудеңізге сияр ма,
«Көке-ау, мұның не?» – демей ме көп ұлан,
Шаруам – шағын, шапан жауып не қылам?!
Жақсы ақынның жоқ құдайдан кемшіні,
Ол жымиса, жан да ериді ең сірі.
Жеңгеміздің жастай жеке меншігі,
Бетіңізге көлеңкем де түспесін,
Өппеймін ғой өртейтіннен ішкесін.
Ағаш атқа мінгізуге лайық,
Жүнім – қызыл, тұзым – жеңіл. (Бұл – айып!)
Кеткім келген кезде аулыма мұңайып,
Жұбаттыңыз «серім-ай, – деп, – серігі ән» –
Жақсылыққа жауабым жоқ не қылам?!
Тоқтамайтын топты көрсе алқалы,
Шаң жұтпаған шаппайбердей арқалы,
Ақынға ақын мазмұнымен тартады.
Әлдиледі, сан биледі мені де ән,
Сізге тартсам, ермей сізге не қылам?!
Кей түндері кірпігімді ілмеймін,
Миым мынау – сары жұрты мұңды ойдың,
Дәл соныма қарамастан білмеймін
Сізсіз, аға, Алматыда не қылам?
Сізсіз, аға, Алатауды не қылам?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу