Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  136


Автор: Жұматай Жақыпбаев

МАМЫР ӘУЕНДЕРІ

I
Оқалы жіптер төгілді көктен тағы да,
Ойларым күлгін тұманнан мүлдем айықты.
Он жетім менің оралды қайта бағына,
Ол үшін кеше біз өткен жерлер айыпты.
Сұлулық түстес, жейдеме туыс көйлегі,
Мейірімі түсіп, ұстатып нәзік белінен,
Алқоңыр шашты іңкәрім маған сөйледі,
Мамырдың кешкі жұпары аңқып демінен.
Санама менің бақыттың нұры құйылды,
Ғашықтық қана сөйлейді мейірім тілінде.
Алатау ата, мамырың үшін биылғы,
Алтыннан бөрік кигізем саған түбінде.
Ресторан жақта саксофон жатса кісінеп,
Жапырақтардың күшейсе кеште шулы әні.
Мінбе қып тауды, жұлдызға жуық кісі боп,
Шаһарға дәріс оқимын бақыт туралы.
Қамбасы толы қашан да алтын, күміске,
Біледі бәрін қазына кешкен бұла ақын;
Бақыттың белі, қасы да өте жіңішке,
Кірпігін қақса бетіңе тиіп тұратын.
II
Кідірген керуен шеруін қайта сәнді етіп,
Қара көз сөздің тартады көші ілгері.
Бәлекей қызша кетеді Күн де әндетіп,
Мен сені көріп бұлаңдап жүрген күндері.
Басымды шайқап, қайран қап күле қараймын,
Бұл қала – ақын, қиялы қандай қуатты!
Театр жақта өзіңе лайық сарайдың,
Күмбезін еске салады дөңес суатқы.
Трамвай түгіл таксиде келе жатсам да,
Ғимараттардың басына құстай тізілген.
Анардың қызыл дәніндей шамдар ақшамда,
Сен жайлы өлең оқиды мұңды ызыңмен.
Қас қағым сәтте қиялға батып не түрлі,
Есіме түсіп елде жоқ сұлу қылығың.
Сағынсам сені самалға тосам бетімді,
Самалдай жұмсақ, самалдай ізгі ғұмырым.
Кідірген керуен шеруін қайта сәнді етіп,
Қара көз сөздің тартпайды көші ілгері.
Бәлекей қызша кетпейді Күн де әндетіп,
Мен сені көрмей мұңайып жүрген күндері.
III
Тұрпайыға жарты сөзін қимаған,
Туа дегдар қас серінің төрінен
Ұлы Ғабит өз қолымен сыйлаған,
Абылайдың сапысын кеп көріп ем;
Арабша хат үйреткен жоқ әліппем,
Меккеде де жекжатым жоқ бұл менің.
Жүзіне оның алтындаған әріппен,
Сәлделі ұста не жазғанын білмедім.
Сабын сипап сұлтанша бой түзедім,
Ұстаған да шығар-ау деп хан былай.
Қылыштайын қайқы да емес жүзі оның,
Имек екен шөп шабатын шалғыдай.
Хан қаруын ұстап, көріп күнімен,
Бөлме ішінде жүріп құйттай аумағы,
Қабырғаға көлденеңнен іліп ем,
Сол қасыңның нобайынан аумады.
Сүле-сапа түр-тұлғаңмен ерікті ап,
Мен байғұсқа әл-дәрмені құрыған
Жалт қарасаң сол қасыңды керіп қап,
Сол сапымен шабылардай бұғынам.
Не ойлайсың сонша сұлу басыңмен,
Не табасың жасытқанда, қылықтым,
Абылайдың сапысындай қасыңмен
Абылайдай атағы бар жігітті?!
IV
Қалқам, саған құмарта қызыға да,
Қарайтұғын жігіт көп жүзі қара.
Кремльге ұмтылған Шуйскийдей,
Қызғаныштан ұмтылдым құжыраңа.
Дөңгелек көз төрт кептер тегіс мені
Жаратпауы жау көріп, келіспеді.
Менен бұрын қанатты құс тауыпты,
Парасатты, мейірімді періштені.
Кебін киген кептердің перілерше,
Құрқылдайды қуанып, сені көрсе.
Қабат-қабат үйлерге қарамайды,
Қарамайды басқаның жеміне өлсе.
Есік баққан дәлізде қу кемпірмен,
Дауласам деп бөлмеңе шу келтірген,
Меніменен құстарың дүрдараз боп,
Мен араз боп отырдым Шубертіңмен.
Шуберт төккен ауыр да әдемі үнге,
Көп елтисің: «Күш көп, -деп, – кәне, кімде?!»
Менің күйім жоқтығы батып-ақ тұр,
Сен сүйетін музыка әлемінде.
Төрт кептерді танисың түстерінен,
Жем бересің перде ашып ішкеріден.
Қос қарғаға бәстесіп бұғы алдырған,
Уәли-Шора батырдай құсбегі ме ең?!
Ғашық болса сүйетін тек беріле,
Әлек салдым, әдемім, кеп төріңе.
Отырған да жоқпысың енді келсем,
Шұқытқың кеп көзімді кептеріңе?!
...Қараңғыда жүрегім тартып төмен,
Қала ішінде қалбақтап қалқып келем:
Қай кезде де өзіңді көре алатын,
Төрт кептердің жағдайы артық менен.
Тәжім бастан ауғандай, қаусап тағым,
Ақылымды аңғардым жау шапқанын:
Маған керек бақыттың тұтқасы еді,
Сусып кеткен қолымнан саусақтарың.
Дала кезген дауылша дамылдамай,
Дауымды да қойып ең қабылдамай.
Төсегіңнен тұрдың ба, жатырмысың,
Төрт кептердің тәтесі, халың қалай?!
V
Қалаған қалқам фәниден,
Қашумен қылды қарсылық.
Есті жел басын сан иген,
Емен боп кетті тал шыбық.
Ұятты жанмын бұл маңға,
Ұлы бір намыс ол да өлді.
Алты алаш қарап тұрғанда,
Айта алмас сөзім сол болды.
Бәлекей ол да қыз әлі,
Бүгінгі даңқы алға асқан.
Көңілімді менің бұзады,
Көсеу боп кетсе алдаспан.
Көктен де күдер үзіппін,
Көңілім – дауыл кей күнде.
«Ұртына түскен сызықтың,
Ұяты кімде?» – деймін де.
Ұнжырғам түсті, дұрыс па?
Өлем бе үнсіз, япырмай,
Қан кешіп жүріп ұрыста,
Қылышы сынған батырдай.
Айтқалы бері мен өлең,
Ағызған жоқ ем көбікті.
Айды да қызыл демеп ем,
Алқызыл асыл жолықты.
Жүрекке бір ем табылар,
Жүйкеге таман бармайық.
Күннің де біраз дағы бар,
Күнікей қызда бар ма айып?!
Бір мін жоқ менің күнімде,
Жалғызды жалғыз дейік те.
Сол ғана келер түбінде,
Жұлдыздай биік бейітке.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу