Өлеңдер ✍️
КӨШ ЖОЛЫ ҚАЙНАР
Астаудай ақжем, арнадай шұңғыл бұралаң.
Арғымақ күшін, атанның белін сынаған.
Аққұмақ жолдың айылдай ғана енімен,
Алалы жылқы, ақтылы қойлар шұбаған.
Ала бас таудың құймышағындай құзынан,
Атамыз тартқан маршруттарға қызығам.
Топырлап өткен, тасырлап соққан тұяқтар,
Тауларды кертіп, тастарды үгіп мұжыған.
Көзайым болып, шықтым ба көш жол құмардан,
Көзімнің алды буалдыр шексіз мұнардан.
Қамшымен нұсқап, қылышпен салып бұ жолды
Көшпенді бабам биікке жұртын шығарған.
Ақ көңіл самал аңқылдай сөйлеп сайларда,
Алдынан жайлау астарсыз кілем жайғанда.
Белбеуін шешіп бесінде кімдер түспеді,
Бекбауда жатқан белгісіз мына қайнарға.
Тұлпары жарау тарпынып тұрып таң да асқан,
Саптама етігін салпылдай соғып алдаспан,
Балпаңдай басқан батыр да бұған еңкейді-ау,
Таңдайы жібіп, тамсана жұтып қанбастан.
Ала бұлт аспан. Тотыдай бетке гүл тұнып,
Уылжып шалғын, уқорғасын тұрса құлпырып,
Мен тұрған жерден мына шатқалға көз тікті-ау,
Дулыға батқан маңдайын жеңмен сүртініп.
Күміспен сықап қыпша белінің олқысын,
Қас кере күліп, қылымси шайып қол, тісін,
Сұлулар судан суретін көріп сұқтанды-ау,
Қайнарға малып алғанын білмей шолпысын.
Итмұрын шауып, иектен тері тамшылап,
Қарауыз иті құйрығын бұлғай қарсылап,
Отынын теңдеп жалшы да келген бұл суға,
Имиіп кеткен ит мініп, ирек қамшылап.
Маңыраманы маңына қарай айдатып,
Жолаушылардың аттарын тасқа байлатып,
Сиқырлы қазан секілді жатыр бұл қайнар,
Алтын кебектей ақ сары құмды қайнатып.
Бұрқылдап жатыр басына жастап шырқау қыр,
Бабаларымның бабасын көрген бір тал нұр.
Бел омыртқасы темір пенде де бас исін,
Әулие болсаң мөлдірлігіңе іңкәр қыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter