Өлеңдер ✍️
Күнбатыстың нұры жалап құзарды...
Күнбатыстың нұры жалап құзарды,
Қыраңдағы қыз жүзіндей қызарды,
Қияңдағы қарағайдан сұлаған,
Қара қою көлеңкелер ұзарды.
Соқыр жауын басылғанда сытырлап,
Шаңқан үйден шұбатылған түтін де ақ.
Қадам бассаң шашырайды шегіртке,
Қуырылған бидайдайын пытырлап.
Жел тұрды да, көк теңгесі саудырап,
Күн жаумады, бұйра басты жауды бақ.
Көкорайдың орайындай ат аунап,
Тапап кеткен тірілді-ай бір қау құрақ.
Көкемарал, қалампырдың көк гүлін,
Көргенімде көмейіме жетті үнім.
Барған сайын Сүлеймен боп барамын,
Білетұғын құстың тілін, шөп тілін.
Көк тоғайдан сәлем жолдап бір ыстық,
Мыңсайрамдар көрсетті-ай кеп туыстық –
Мөлдіреуден мен су ішіп тұрғанда,
Қарандыздың жапырағын ыдыс қып.
Жиегіне жез бір тастар ұстаған,
Қайнарға мен жақын едім үш табан.
Судан көрсем суретімді – аумаймын,
Атасына тартып туған ұстадан.
Жазы-қысы жұпар аңқып тұрса да,
Жасқа кепті жасыл күйі мұншама.
Жоңғарлардай құдай дейтін аршаны,
Жазы-қысы табынармын шыршаға.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter