Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  117


Автор: Жұматай Жақыпбаев

СҮЙЕНІШ

Көреді де жабырқаңқы бұл мені,
Жанкүйерлер сөзге қоспай өтпейді.
– Бұл баланың бастық болмай жүргені,
Жебейтұғын сүйеніші жоқ, – дейді.
Биік менің жеткенімнен жетпегім,
Сол пәк қалпы бала күнгі өлеңім.
Бекер бәрі: сүйенішім көп менің,
Құдайлардай құдіретті көбі оның.
Солар күнде мен деп бәйек болады,
Тумысынан албырт, асқақ жанды ұғып.
Мансаптары болмағанмен жоғары,
Бәрінің де орындары мәңгілік.
Қарыздар боп қалмайын да мен енді,
Ақындықтың ақтайын да борышын.
Олар мені қаншама рет демеді,
Қаншама рет берді маған қол ұшын!
Бала кезде шуылдатып құлағын,
Одан артық жан тумасын түсініп,
Қара көзді Ләйләны айтып жыладым,
Бірде өрепкіп, бірде жұрттан қысылып.
Ақымақтар сындырады сағыңды,
Алаулап та бір намыстан күйеді іш.
Балық қанды пақырлар да табылды,
Таптым сонда Римнен де сүйеніш.
«– Балаң болсын өлеңіңнің жолдары,
Сол бейнеден көз жазба, – деп, – киелі».
Мені Данте Алигьери қолдады,
Франческа Петрарка сүйеді.
Қаңғып жүрдім, бір досым жоқ жанымда,
Өзіме де, өзгеге де өкпелі.
Сонда Исаакян: «Мен де өспірім шағымда
көрмеген бір хикметім жоқ», – деді.
Арамызда ғасырлар бар демеді,
Кішіге үлкен ақыл айтпай не десін,
Ұлы ақындар күнде мені жебеді,
Ұлы ақындар аяған жоқ кеңесін.
Биік менің жеткенімнен жетпегім,
Сол пәк қалпы бала күнгі өлеңім.
Бәрі бекер. Сүйенішім көп менің,
Құдайлардай құдіретті көбі оның.
Жыр оқыған күбірлетіп бал ернін,
Москва ма, Римде ме, тауда ма,
Мен де кейін бір баланы демермін,
Таба қылмай досына да, жауға да.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу