Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  121


Автор: Жұматай Жақыпбаев

БҰЛБҰЛДАР КЕЛГЕНДЕ

Қар жатқан кезде тау, құзда,
Қазақтың отты назымен,
Көңілсіз сонау наурызда,
Көктемге бір хат жазып ем.
Жауынгер ерше сыналық,
Жырдың да өзін сонымен.
Газетке оны шығарып,
Эфирден оқып беріп ем.
Сол хатта шөпті, гүлді де,
Сағынып бірге елменен,
Қаңғырып кеткен үндіге,
Құстарға қайтып кел дегем.
Еримін әнге, содан ба,
Естір деп алыс, жақын маң,
Мыңсайрам бұлбұл, оған да,
Ауылға кел деп шақырғам.
Жұмбақ сыр бар ғой көптеген,
Жырымыз сол бір, обал не,
Жеткен бе биотокпенен,
Жеткен бе көкпен, жоқ әлде...
Шомылып жылы жауынға,
Шулаған кезде бақ тағы,
Мен туған жасыл ауылға,
Мыңсайрам бұлбұл қаптады.
Айтқанға сенбес әдетпен,
Ауылға біздің келгенде,
Сұраңдар ауыл советтен,
Сұраңдар сәбилерден де.
Бұлбұлдар бақтан іңірде,
Тербейтін қылын жанының.
Бұлбұлға толы бүгінде,
Үй басы менің ауылым.
Қазақтың нұрлы тілімен,
Қызыққа жұртты батырып,
Бұл жаққа жердің түбінен,
Бұлбұлдар бердім шақырып.
Жақсы іске арнап жаңа үнді,
Жазайын бір хат күн сөне,
Құстар да ұққан жанымды,
Кейбіреу ұқпай жүрсе де.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу