Өлеңдер ✍️
Бағының бишікештеу кербезінше...
Бағының бишікештеу кербезінше,
Шіреніп жүрмегенмен ел көзінше,
Бес-алты жас ақынға осындағы,
Байсалды ақсақалмын мен де өзімше.
Бәрінде уайым басқа, тілек бөлек,
Қоя ма тілділеуі мінеп те көп:
Айтады арыз-уәжін жан-жағымнан,
Мен келсем, біреуіне бірі өкпелеп.
Оларда түрлі жағдай, түрлі намыс,
Тілерім бәріне де шын қуаныш.
Кезінде кикілжіңін түзетер ем,
Олардан ордам шалғай, жүрдім алыс.
Келсе де үнсіз қалғым кейде менің,
Ұят деп ақсақал боп сөйлемеуім,
Қапыда қазы болған Қожекеңше,
Бәріне: «Сенікі жөн», – дей беремін.
Жасытпай абайсызда даңқы кемін,
Бар шыным, күндіз-түнгі бар тілеуім:
Бәрі де уайым-мұңсыз, еш алаңсыз,
Жырласа деймін байтақ халқын, елін.
Көшеден мені бірі тауып еріп,
Жүргенде жанымызға дауыл егіп,
Оның бір бақталасы көріп қалса,
Қалады мені де бір жауы көріп.
Ондайда жеке қалам жетімсіреп,
Бәріне сырттай: «Өсші, жетілші», – деп.
Осыдан соң балалар татуласса,
Ақсақал болмаспын-ау екінші рет.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter