Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  131


Автор: Жұматай Жақыпбаев

СҰЛУЛЫҚ ТӘҢІРІ

Тайғанап құлап, тағы да қумай бола ма,
Әжетке жарап, әжеңнің қара ешкісін? –
Едені қорда езілген соқпа қорада,
«Қотшылап» қойып, қой сауып жатса ел кешкісін.
Тікенек кірген мүйіздей табан іріңдеп,
Ақсаңдай басып жүгіруші едік жабыла –
Ақшаңдақ жолмен ат арба өтсе дүрілдеп,
Өгіз арбаны өкірте көміп шаңына.
Қырық күн шілде – арық пен атыз кешеміз,
Қоңыр, лай судан рақат басқа тілемей.
Қашсаң да болмай жатарда жуып шешеміз,
Жарылған қолға жағатын еді кілегей.
Бесінде мүлде бақ тілеулері басқа боп,
Боқ мұрын бізді ортақ та етпей назына.
Қыз, жігіт біткен ойнайтын еді қашпа доп,
Аржағы пішен Алмабай атаң сазына.
Құлашы ұзын бір мерген жігіт жоқ па әлі,
Ойыны қанбас осынау топтың ішінде.
Гүлбаршын қызға тимейтін еді доп-тағы,
Тимей ме жүн доп көйлегі жібек мүсінге?!
Бәрінен қымбат, бәрінен артық сол адам,
Көзіме жас кеп, бетімнен сүйсе ол «Күнім» деп,
Сыз өтіп кешке салқындау саздан мен оған,
Қараушы ем талмай, қас қарайғанша күлімдеп.
Өтті көп күндер – өңім бе әлде түсім бе,
Табылмай қойды тоқтатар бірақ мұны күш.
Болып бір жатты болмысыменен ішімде, -
Балапан жанда бағасы бөлек құбылыс.
«Жүкәләй-а-аулап» шақырып шешем жатса да,
Табылып ғажап көлеңке, жайлы бір арық,
«Гүл-бар-шын» деп мен күнбағыс өскен бақшада,
Жаттым-ау бір күн жұртта жоқ сөздер шығарып.
Көңілді әкем, көреген бе әлде дана ма,
Ойнай да күліп сыр тартқан кезде ол менен:
«Алмабайдың қызын әперем, – десе, – балама»,
Күлегеш аузын жабушы ем екі қолменен.
Лап ете қалар махаббаты бар жаныңның,
Әлі де сәби әскере тентек сол ақын.
О, менің алғаш сұлулық тәңірін тануым,
Қағаздан қара танудан бұрын болатын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу