Өлеңдер ✍️
САЗДАУЫТ
Қара үзіп жеке жөнелдім,
Қарыштай зулап атым да,
Көз құрты болған көп елдің,
Серкені басып тақымға.
Жұлындай қылып жаратқан,
Қамшыны басып қара атқа,
Қорым тас қоңыр қабақтан,
Құладым жасыл қолатқа.
Ағады тізгін жіберсек,
Атыңа сенсең, аз қауіп.
68 Жұматай Жақыпбаев
Қорсылдап кірер тілерсек,
Қолаттың түбі саздауыт.
Абайлап келем қиырдан,
Ар жаққа өтсем, аңдушы аз.
Ат жетер жерден жиылған,
Артымда – қуғын, алдым – саз.
Айылын жияр күдік те,
Ат үсті желік қосқасын.
Тізгінін тартқан жігіт пе,
Қиямет қандай тоспасын?!
Қуғын да жетті қиқулап,
Қарғыттым атты жартастан
Еңбектей жұмсақ, былқылдақ,
Балшықты, шымды балқашқа.
Балшығы құрсын қолаттың,
Болмайды батып көр деуге.
Етігі болса қара аттың,
Қалатын еді сол жерде.
Қолтықтан кіріп, күш қылып,
Қорқылдақ сазға, шалшыққа,
Әзерге шықты-ау ышқынып,
Бауырын былғап балшыққа.
Аяздай батып арқама,
Атымды былғап алғаным,
Бауырын жуып қалқада,
Уыстап суды қармадым.
Созылған оған қол қанша,
Қаруын қардың сынасып.
Атымды жуып болғанша,
Көкпар да кетті қыр асып.
Долырып тағы бір бетте,
Додаға кіріп үлгірген.
Оп-оңай озған дүрмекке,
Опына қарап тұрдым мен...
Шаппай да желмей соңынан,
Олжасын баққа барабар
Бақытсыз жігіт қолынан
Балшық та тартып ала алар.
Бақытың болар сақтығың,
Ғұмыры тынбас додада.
Балшыққа қарай шаппа, інім,
Балшықтай жанға жолама.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter