Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  90


Автор: Жұматай Жақыпбаев

Қос шыңның аралығы

Қос шыңның аралығы
Қойдай боп тоғысты әні.
Жұрт деген қара құрым,
Жүргендей соғысқалы.
Сақпандай заулайын ба,
Қамшымен тіліп көкті?!
Сары атан зауза айында,
Додаға кіріп кеттім.
Жорық бұл қол тасыған,
Жүр алып бесті мені.
Сол шудың ортасынан,
Бір күлкі естіледі.
Сол үннен ес кіреді,
Жаныма жарасып ән.
Бір күлкі естіледі,
Топ қыздың арасынан.
Көңілді өрлетем көп,
Өзіңсің ерікті алған,
Қарадым сен бе екен деп,
Бір жақтан келіп қалған.
Қалғандай жұлдыз бұғып,
Басылды бастағы үдеу.
Тұр сөйтсем бір қыз күліп, –
Басқа қыз, басқа біреу.
Уһ дедім. Артық па әлгім?
Білмеймін, бас та қатты.
Ыза боп тартып қалдым,
Қамшымен астағы атты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу