Өлеңдер ✍️
«Қатал бақыт» хан қызы ең...
«Қатал бақыт» хан қызы ең,
Қас кермедің: «Ар ма?» – деп.
Сүйеуі жоқ жалғыз ем,
Сүйегінде таңба көп.
Басым істі дертті ойдан,
Мұңды көзге ілмеспін.
Инелі нан жеп қойған
Иттей болып күн кештім.
Көзімді ойып бір қарға,
Ойлаймын жеп кетсін деп.
Мысық тілеу мұндар да
Мұратына жетсін деп.
Бұлт таппадым бүркеуге,
Шаймады жұрт шарабы.
Бетімдегі шіркеу де
Бес елі боп барады.
Қыбырлайды жан әзер,
Қара тартты ақ көңіл.
Өлмегенге – қара жер,
Өтіп бара жатты өмір.
Өтіп бара жатты өмір
Өзендейін тасыған.
Өтіп бара жатты өмір
Өлексемнің қасынан.
Бүйтіп көрген бар күнім
Өлім екен деймін мен.
Бұл көргеннің барлығы
Өңім екен деймін мен.
Кірер жандай ұрысқа,
Қажимын да шамданам.
Қол созғандай қылышқа,
Жан-жағымды қарманам.
Іздеймін бір жоғымды,
Іздеймін кеп сенделіп.
Қарманған сол қолымды
Алады бір қол келіп.
Бетімдегі бүркеуді
Жұлады сол қол келіп.
Бетімдегі шіркеуді
Сырады сол қол келіп.
Тапқаныма асылды
Тәубе етемін өңденіп.
Сансыраған басымды
Сүйейді сол қол келіп.
Табылған бұл жоғымнан
Төбем көкке жетеді.
Сол нәзік қол...қолымнан
Сусиды да кетеді.
Кірер жандай ұрысқа,
Қажимын да шамданам.
Қол созғандай қылышқа,
Жан-жағымды қарманам.
«Жаңағы қол қайда?» – деп,
Оянамын сенделіп.
...Қалар ма екен Ләйлә кеп,
Қалар ма екен сол келіп?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter