Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
06.06.2022
142
Еріді жер бетінің қанша қары...
Еріді жер бетінің қанша қары,
Көгерді жас балауса, арша кәрі.
Басынан Сарноқайдың тоқымдай қар:
«Мен ғана қалдым ғой», – деп жар салады.
Сайлардан жылға-жылға су шұбалып,
Қосылып бұлақтарға сыңсып ағып,
Басқа қар аспанға ұшты, жерге кетті,
«Көрсек, – деп, – жер астынан гүл шығарып».
Қызуы бет-жүзіңе тез білінген,
Күн де ыстық, сурет те ыстық көзге ілінген.
Басында Сарноқайдың бір қар жатыр,
Жұмысы, шаруасы жоқ мезгіліңмен.
Асқақтап әрнемені ойларға алмай,
Жүрсем де ат жүгіртіп, тойдан қалмай.
Басымнан бір суық мұң кетпей қойды-ау,
Күннің де күші жетпей қойған қардай.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter