Өлеңдер ✍️
Жанға айтпай жақсы ұрының бір өзі үптер...
Жанға айтпай жақсы ұрының бір өзі үптер,
Сезілмес ауырлығы міне, жүктер:
Ішінде шыны жайма, қызыл барқыт,
Сары алтын: сақина, алқа, білезіктер.
(Ұрының өз басына өз қастығы.)
Тігілді төбеден кеп көз, қас, міні.
Ішінен исі металл оны оздырған –
Жарқылы, жақсы өлеңдей тозбастығы.
Жаймаға кимелеуге ел жалыққан ба?!
Топтанып қалды лезде халық маңға.
Қараймын мен де алтынға,
көз салғандай
Аквариум ішіндегі балықтарға.
Жұпардың сарайды ашып жақсы лебі,
Ерге әйел: «Маған сырға тақшы!» – деді...
Бұйымдар жатыр құйттай балықтардай,
Оны енді ақыл емес, ақша іледі.
Ешқашан жеткізе алмас кейпін де тіл,
Мен оны «сол ғана асыл», – дейтін кепіл.
Әлемде жан қуантар жалғыз асыл –
Ол менің кеңсемдегі сейфімде тұр.
Тәттірек оған айтар сөзім балдан,
Сөзім – бал, билегенде өзімді арман.
...О,сенің кіп-кішкентай суретің-ай,
Құр ғана бақырайып көзің қалған.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter