Өлеңдер ✍️
Ақпан айы
Кейбіреулер суық – дейді ақпан айын,
Ондайларға ақпан сырын ақтарайын.
Құдірет бар ақпанда жұрт біле бермес,
Білгің келсе арала оның ақ сарайын.
Қымтай жауып ақ ұлпамен жер бетін,
Ағаштарға сырға тағып, келістіріп келбетін.
Тіл қатады ақпан айы тереземе өрнек сап,
“Үйде отырмай, боранменен тербетіл”.
Ақиқаттың ақ сөзінен басталатын астары әрі,
Жұртқа мәлім жалғанға оның баспағаны.
Ақ сөзі білдіреді тазалықты, адалдықты,
Атауы да ақпанның ақ сөзінен басталады.
Бар алқап ақпанда аппақ болып ырғалады,
Ақ қарға лықа толып сай-сала, жылғалары.
Көрген жанның осы тегіс кеңістікті,
Келеді үстінен армансыз сырғанағы.
Білген жанға қар деген жердің нәрі,
Түссе қалың қуанады елдің бәрі.
Көктем келе қар еріп, жер құлпырып,
Дүниеге жан бітеді, жамырап төлдің бәрі.
Бұл күнде өмір мәнін кім түсінген?!
Ақпан айы кетпейді кіл түсімнен.
Ақпан сырын алпысымда ұққандаймын,
Адам болса мендей болсын бір түсінген.
Ақпан айы төрт мезгілдің бір өкілі,
Жайсыздау болғанымен жұртқа өтімі.
Шуақты наурызбенен жалғастырған,
Ақпан айы – көктемнің алтын көпірі.
Жүргендіктен тірлігімде жаттап әнін,
Ақындардың туған айы – бақ таланым.
Көрінеді ақпан айы кімге қалай,
Ал, өзім ақпанда туғаныма мақтанамын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter