Өлеңдер ✍️
Көпсінбеңдер бақытымды басымдағы
Боранымен бірге билеп ақ ақпанның,
Басыма жарасымды бақ тапқанмын.
Басымдағы Құдай берген сол бақытпен,
Жадырадым, бұл өмірде шаттанғанмын.
Жанұям баға жетпес бақытым басымдағы,
Жанұяма сүйінішім ешқашан басылмады.
Ажалға тура келген қарсы тұрып,
Алып қалды аман мені қосағым қасымдағы.
Бақытым қаумалаған дос-жараным,
Олар барда өмірде қалай бос қаламын?!
Бақытым туыстарым жақын-жуық,
Солар барда арамдықты қостамадым.
Бақытым өмірімнің ажары балаларым,
Соларменен арман бағын араладым.
Тілеймін солардың амандығын жалғап тұрған,
Бүгінгі мен ертеңімнің араларын.
Бақытым аталаған жиендер мен немерелер,
Соларменен қуанышым көбейіп келе берер.
Ағайын, көз тігіп көп сұқтанбаңдар,
Бақытыма алда да өрістеп өне берер.
Бақытым – қаламым ел-жұртыммен таныстырған,
Таныстырып, айрылмастай табыстырған.
Арқасында қаламымның желе шауып,
Жүйріктермен үзеңгімді қағыстырған.
Жұрттың көзбен осы мені атысы көп,
Бай емеспін, бақытыма оның қатысы жоқ.
Бақытымды ешкімнен тартып алғаным жоқ,
Ешкімнің де оған сұқтануға қақысы жоқ.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter