Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  189


Автор: Жарылқасын Аманұлы

ӘКЕ САҒЫНЫШЫ

Жүрегімді жарып шыққан бір гүлім,
Көз алдымда бейнең тағы тұр бүгін.
Махаббаттың жолы ма, әлде соры ма?
Туған жерден кетті үзіліп кіндігің.
Көз алдымнан кетер деп пе ем мен сені,
Ауыр ойлар жаныштады-ау еңсені.
Жанышталды сағыныштан жүрегім,
Сағынтпай ма туған жер мен ел сені.
Қалды артта бауыр, туыс қия алмай,
Анаң отыр өксіп жасын тыя алмай.
Өң мен түстің ортасында мен жүрмін,
Әлі күнге ақыл есті жия алмай.
«Бала шіркін бауыр етің» дегенге,
Сенбеуші едім, енді менде сенем де.
Сен кеткелі көкте күнім тұнжырап,
Қара бұлт айналып жүр төбемде.
Өткен күнді, кеткен күнді санаймын,
Кавказ тауы қай тұста деп қараймын.
Қиял жеткен кеңістікке көз жетпей,
Көк теңіз боп кетер бәрі маңайдың.
Иығыңнан төгіліп қос бұрымын,
Қайда кеттің, қайда жүрсің, құлыным?
Көтере алмай сенің қайғы жүгіңді,
Үзілгендей сезінемін жұлыным.
Көңілімізден тарқамады бір күдік,
Оған талай тұншықсақ та сүңгідік.
Кешір, қызым, туған мына еліңнен,
Саған қалай табылмады бір жігіт.
Енді барып қолыңнан дәм татам ба?
Қайдам, қайдам, ойлай берем жатам да.
Құлыным-ау, бізден мәңгі кетіп пе ең,
Сағынтасың, сарғайтасың қашанға?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу