Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  172


Автор: Жарылқасын Аманұлы

КҮЙ

Жер мен көктің қосылып,
Күңіренген үніңдей.
Күй шығарсам деп едім,
Қорқыт баба күйіндей.
Бір күй шықты сарыны,
Шертілісі өзгеше
Түні бойы тартамын,
Кейде көзім ілінбей.
Күңіреніп қос ішек,
Қоса өксір шанағы.
Зар илеген пернеден,
Қанды жастар тамады.
Аттандаған Алаштап,
Тау мен тасты жаңғыртып,
Тербетеді даланы.
Куә өткен өмірге,
Көкте күн мен қара жер.
Ғасырлармен бір көшіп,
Ел артынан барады ел.
Ұмыт болар бағың да,
Ұмыт болар тағың да
Келер ұрпақ есінде,
«Елім» деген қалады ер.
Күңіреніп күй іздер
Қарасайдай батырын.
Күңіреніп күй іздер
Сүйінбайдай ақынын.
Дау шешілмей зар илеп,
Күй жоқтайды адамның,
Төле би мен Қазыбек,
Әйтекедей асылын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу