Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  200


Автор: Жарылқасын Аманұлы

ӘНШІ

Па, шіркін! Мынау әннің тербелісі-ай!
Тербелісі-ай, көңілге жел берісі-ай!
Алма мойын, қара көз қас сұлудың,
Қас қағымда құлпырып өзгерісі-ай!
Елжіретіп ет-жүрек сезімдерін,
Делебе қозып, жоғалтты ел төзімдерін.
Өздері айтып тұрғандай осы әнді,
Жыбырлатты кәрі-жас еріндерін.
Бозторғай ма, бұлбұл ма сайрап тұрған?
Келді екеуі қосылып қай бақ, қырдан?
Екі жеңге екеуін тағып алып,
Мына сұлу секілді ойнап тұрған.
Шым-шым батып, шымырлап тұла бойға,
Үкім-билік жүргізді құлақ, ойға.
Жігіт біткен ұмытып өткендерін,
Сахнаға ұмтылмақ тұрған бойда.
Ән үзіліп кетпесін, сабыр, сабыр,
Залда кенет басталды абыр-дабыр.
Қабырғалар солқылдап алақаннан,
Адырайды шекеде күре тамыр.
Сыр пернесін жүректің анық басқан,
Құйқылжытып қиялды алып қашқан.
Әнші аруды тыңдауға дайын халық,
Таң атқанша қол соғып жалықпастан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу